Выставка
Жайықпен көрісу
3-ші қыркүйекте Атырау қаласында жас суретшілердің “Жайықпен көрісу” көрмесі ашылады. Атаулы көрме YEMAA заманауи өнер орталығы ұйымдастырған "Фронтир. Атырау шежіресі" арт-резиденциясының соңғы кезеңі және қорытынды шарасы болып табылады. Резиденция Атырау қаласында 1-31 тамыз аралығында өтті. Арт-резиденциясының жалпы метафорасы фронтир тұжырымдамасы болды, ал көрменің тақырыбы Жайық өзенінің бейнесі болмақ. Еліміздің батыс өңірінің мәдени контекстін зерттей отырып, Атырау қаласы үшін метафора іздеуде суретшілер Жайық өзенінің бейнесінен тірек тапты. Атырау туралы сөз қозғағанда бұл жердің “естелігі” болып келетін, өткені мен болашағын осы кезде байланыстырып отырған да Жайық. Суретшілер 30 күн бойы ізденіс үстінде болды: бір ай ішінде олардың назары батыс өңірі үшін де, атап айтқанда Атырау қалалық кеңістігі үшін де маңызды фронтир тақырыбын зерттеуге және метафорасын анықтауға бағытталды.
Фронтир - өткен ғасырдың басында Фредерик Тернер енгізген американдық тарихнаманың бір кездегі танымал тұжырымдамасы, әр уақытта әр түрлі және кейде қайшылықты мағынада қолданылып келді. Ал қазіргі уақытта әлеуметтік әлемді құрудағы шекараларды зерттеуге бағытталған. Ең бастысы, бұл әртүрлі мәдениеттердің, әртүрлі экономикалық және әлеуметтік жүйелердің байланыс аймағы. Резиденция аясында бір аймақтың мәдени фронтирі – Атырау қаласының мәдени фронтиріне баса назар аударылды және нәтижесі көрменің арт-жобаларында көрініс табады.
Қаланың тарихи және заманауи көрінісі Атырауды басқа қалалардан ерекшелеп, "фронтир" тұжырымдамасын зерттеуде оның маңыздылығын арттырып, зерттеу алаңына айналдырадыі. Бір ай бойы жас суретшілерге дәрістер мен шеберлік сабақтарынан тұратын мазмұнды білім беру бағдарламасы ұсынылды, Атырау қаласының қоғамдық кеңістіктері бойынша далалық зерттеулер жүргізілді. Маңғыстау облысы мен Сарайшық қалашығына экспедициялар барысында аңыз-әңгімелерден алған әсерлер, Атырау облыстық музейлері бойынша экскурсиялардан алған танымдық ақпараттар, революцияға дейінгі кезеңдегі Ескі қала, мұнай өндірумен байланысты Жилгородок ауданы бойынша перипатетикалық серуендер тақырыпты толық ашуға ықпал етті. Осылайша, резиденцияға қатысушылар батыс аймағының табиғи ландшафтында қазақ дүниетанымының қалыптасуындағы тарихи және рухани байланысын, Жайық өзенінің екі жағалауындағы деколонизацияға дейінгі отарлық процестердің іздерін, Атыраудағы қоғамдық кеңістіктердің жаңдануын және басқа да мәдени тұстардың өзгеруін күнделікті өмірді зерттеуде де, өнерде де бақылай алды.
Бұл жас суретшілер үшін резиденцияға қатысудың алғашқы тәжірибесі екенін атап өткен жөн. YEMAA заманауи өнер орталығы және JasSpace пәнаралық жобаларды жасауға кеңістік ұсынып, жағдай жасады. Көрмеде ұсынылған жас суретшілердің арт-жобалары түрлі материалдарды пайдалана отырып жаңа медиа және дәстүрлі техникада жасалған. Алайда, оларды өткен мен болашақты тоғыстырып тұрған трансшекаралық Жайық өзенінің бойындағы бүгінгі батыс фронтиріне деген өзіндік көзқарастарын білдіру ұмтылысы біріктіреді.
Куратор Адия Рамазанова